
Білім беру жүйесінде заманауи әдіс-тәсілдерді енгізу мен жаңашыл бағдарламаларды әзірлеу – оқыту сапасын арттырудың басты жолдарының бірі. Осы тұрғыда мұғалімдердің авторлық бағдарламалар әзірлеуі және оны өзге өңірлердегі әріптестерімен бөлісуі – педагогикалық тәжірибе алмасудың, кәсіби дамудың және жаңашыл идеялардың таралуының маңызды формасы болып табылады.
Қазіргі таңда, өңіріміздің көптеген ұстаздары жаңа бағдарламалар құрастырып, өз мектептерінде зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Әр авторлық бағдарлама – мұғалімнің өз тәжірибесіне, шығармашылығына және нақты оқу мақсаттарына сүйене отырып, әзірлеген білім беру жоспары. Бұл бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктерін, танымдық қабілеттерін, қызығушылықтарын ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен педагогикалық жаңашылдығы осы бағдарламалар арқылы айқын көрінеді. Мектепте жүргізген зерттеу жұмыстарының оң нәтижесін көрген ұстаздар, жаңашыл бағдарламалармен өзге аудан, қалалармен бөлісуде. Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің басты мақсаты – жан-жақты дамыған, ұлттық сана-сезімі жоғары, өз елінің тарихы мен мәдениетін құрметтейтін тұлға тәрбиелеу болғандықтан, физика пәні арқылы ұлттық мұралар мен дәстүрлерді ұштастыру мақсатында «Физика сабағында ұлттық құндылықтарды қолдану» атты авторлық бағдарламамды құрастырдым және қазіргі таңда Осакаровка, Шет ауданы және Теміртау қалаларының ұстаздарымен тәжірибеммен бөлісудемін.
Авторлық бағдарлама арқылы тәжірибе алмасу – педагогтың кәсіби дамуына ғана емес, жалпы білім беру сапасының көтерілуіне ықпал ететін үрдіс. Әріптестермен тәжірибе бөлісу, жаңа әдістерді талқылау және оларды іске асыру – мұғалімдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, заманауи білім беруге жол ашады. Бұл үрдіс – Қазақстанның болашақ білімді ұрпағын тәрбиелеудегі маңызды қадамдардың бірі.
Озық тәжірибені тарату мен өңіраралық педагогикалық байланысты нығайтудың бірнеше тиімді жолдары бар:
• Онлайн/офлайн семинарлар мен конференциялар;
• Авторлық шеберлік сабақтары;
• Бірлескен вебинарлар;
• Мұғалімдердің іссапары арқылы тәжірибе бөлісу;
• Педагогикалық жобалар мен байқауларға бірлесе қатысу.
Аталған тәжірибе алмасудың тиімді жолдарының артықшылықтарын атап өтсек:
1. Кәсіби даму – мұғалім жаңа әдістемелермен танысып, өз тәжірибесін жетілдіреді.
2. Ынтымақтастық артады – әр өңірдің педагогтары арасында шығармашылық байланыс орнап, кәсіби орта қалыптасады.
3. Озық тәжірибе таралады – сәтті апробациядан өткен бағдарламалар басқа мектептерге енгізіледі.
4. Білім сапасы көтеріледі – жаңашылдық пен тәжірибенің ұштасуы білім алушылар үшін қолайлы орта қалыптастырады.
5. Ұлттық білім беру кеңістігі дамиды – аймақтар арасындағы білім беру теңгерімі жақсарады.
Озық тәжірибесімен бөлісіп жатқан ұстаздар өз жұмыстарын басқаларға ұсынып, авторлық әдіс – тәсілдерімен бөлісуді шебер-сыныптар арқылы жүзеге асырып жатыр. Бұл форматта мұғалім өз бағдарламасының құрылымы, ерекшеліктері, қолдану жолдары мен нәтижелері туралы жан-жақты мәлімет беріп, әріптестермен ашық пікір алмасады. Шебер-сынып барысында практикалық тапсырмалар, топтық жұмыс, сұрақ-жауап және рефлексия сынды әдістер кеңінен қолданылады. Бұл үрдіс мұғалімдер қауымының өзара ынтымақтастығын арттырып қана қоймай, білім беру сапасының жоғарылауына әсер етеді. Әріптестердің бір-бірімен ой бөлісуі, жаңа идеяларды ортаға салуы – білім саласындағы дамудың негізгі кепілі. Мұндай тәжірибе – ұстаз мәртебесін көтеріп, шығармашыл мұғалімдер қатарын арттырары сөзсіз.
ШОМЕНОВА ЖАНАР СУНДЕТБАЕВНА
ФИЗИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ, ПЕДАГОГ –ЗЕРТТЕУШІ
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ
ШАХТИНСК ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ
«ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ» КММ
zshomenova@mail.ru 8-708-704-45-99