back-image
"Санжар Асфендияров атындағы жалпы білім беретін мектебі" КММ
Организации> "Санжар Асфендияров атындағы жалпы білім беретін мектебі" КММ
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы
01-09-2022 15:25
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығы.

 

Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

     Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 13 қыркүйектегі № 659 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 88-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

     1. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама);

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

     2. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдар, сондай-ақ мүдделі ұйымдар (келісім бойынша):

     1) Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;

     2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Тұжырымдаманың орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.

      3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

     4. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

     5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

     6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

     Қазақстан Республикасының

 

Президенті

Қ.Тоқаев

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 2 ақпандағы
№ 802 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

     

 Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы

 МАЗМҰНЫ

       Нұр-Сұлтан қ., 2022 жыл

1-бөлім.

Тұжырымдаманың паспорты

2-бөлім.

Ағымдағы ахуалды талдау

3-бөлім.

Халықаралық тәжірибені шолу

4-бөлім.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту пайымы

5-бөлім.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

6-бөлім.

Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер

7-бөлім..

Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары (қосымша)

 1-бөлім. Тұжырымдаманың паспорты

Атауы

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы

Әзірлеу үшін негіз

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы (Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 88-тармағы)

Әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)

Іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар

мемлекеттік органдар, ведомстволық бағынысты ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері

Іске асыру мерзімдері

2022-2026 жылдар

 2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау

      2.1. Қол жеткізілген нәтижелер

      Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты қоғамның сұраныстарына қарай, ұлттық практика мен озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, ұдайы жетілдіріліп отырады.

       Бұл бағытта жүйелі және кешенді тәсіл Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын (бұдан әрі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия) іске асыру арқылы қамтамасыз етілді.

       "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның қабылдануына орай алдын алу және қылмыстық-құқықтық құралдардың ақылға қонымды теңгерімі бар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі құрылды.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және оның кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру арқылы азаматтық қоғам сыбайлас жемқорлықпен күреске белсенді түрде тартылуда.

      Қазақстан Республикасының Президентіне бағынатын және есеп беретін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тәуелсіз уәкілетті орган –Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) құрылды.

      Агенттік мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басты жүргізушісі бола отырып, өз қызметінде тиімді алдын алу, ауқымды ағарту, қоғаммен сындарлы әріптестік және қылмыстық-құқықтық шаралар элементтерін ұштастырады.

      Жобалық басқару шеңберінде әрбір мемлекеттік орган үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үлгілік базалық бағытты енгізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің үйлестіруші әлеуетін күшейтті.

      Мемлекеттік қызметтегі алдын алу шаралары

       "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" жаңа Заңмен мемлекеттік қызметтің "мансаптық" моделіне көшу қамтамасыз етілді, ашық конкурстық іріктеу, құзыреттілік негізінде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидаттары енгізілді. Командалық ауысулар үшін жасалатын жағдайлар азайтылып, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды, жұмыс нәтижелеріне байланысты еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін сынап көру жүргізілді.

      Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі қолданылуда, жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер институты құрылды. Әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс істейді.

      Мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін шетелдік банктерде шоттарды иеленуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілді.

      Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген, оларға теңестірілген адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты сыйлықтарды алуға және сыйға тартуға толық тыйым салу көзделген.

      Аталған адамдардың жақын туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілді. Мемлекеттік лауазымға кандидаттар мемлекеттік ұйымда жұмыс істейтін туыстары туралы хабардар етуге міндетті.

      Қаржылық бақылау шаралары жетілдірілді. 2021 жылы мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде өздерінің барлық активтерін тіркеп, "кіріс" декларацияларын ұсынды. 2022 жылдан бастап кірістер мен шығыстарды салыстыру жүзеге асырылатын болады.

      Әкімдердің қызметін бағалау "сыбайлас жемқорлық деңгейі" нысаналы индикаторымен толықтырылды және сыбайлас жемқорлық индексін өңірлік өлшеу әдістемесі бекітілді.

      Соттар мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын барынша азайту

      Судьяларды іріктеу және бағалау жүйесі жақсартылды. Облыстық және оларға теңестірілген соттарда судьяның әдебі жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді, Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің ішкі қауіпсіздік және соттарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі құрылды.

      "Татуластырушы судья" лауазымы енгізілді, бұл соттарға жүктемені үш есе азайтты: істердің жартысына жуығы татуласумен аяқталуда, тараптар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтып, дауды өздері шешуде.

      Сот процестері онлайн-режимге ауыстырылды. Істерді автоматты бөлу алгоритмінде айла-шарғы жасау мүмкіндігі жойылды.

     Заң үстемдігі қағидатын сөзсіз қолдану мақсатында, халықаралық бизнестің азаматтық және коммерциялық дауларын жедел шешу үшін ерекше құқықтық режим шеңберінде жұмыс істейтін "Астана" халықаралық қаржы орталығының Тәуелсіз соты құрылды.

      Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау кепілдіктерін күшейтуге, жазалаудың бұлтартпастығына және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде.

      Пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде жаппай бейне-байқау енгізілуде.

      Күнделікті практикада сотқа дейінгі тергеп-тексерудің, әкімшілік іс жүргізудің, тексеру субъектілері мен объектілерін есепке алудың электрондық жүйелері, сондай-ақ "Qamqor" ақпараттық сервисі қолданылады.

      Құқық бұзушылардың лауазымды адамдармен тікелей байланысын болдырмайтын "Сергек" жол жүрісін бейне-бақылау практикасын кеңейту құқық қорғау органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін цифрландыруды пайдаланудың жарқын мысалы болып табылады.

      Құқық қорғау жүйесіне мемлекеттік қызметте қолданылатын рекрутинг стандарттарын енгізу іріктеудің айқындылығын және тиісінше, кадрлардың сапасы мен "тазалығын" қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілігін күшейтумен қатар, олардың жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ жекелеген санаттарға тұрғын үйді жалға алу және сатып алу шығындарын өтеу көзделген.

      Қоғамдық бақылауды кеңейту, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету

      Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың тұтас қатары әрекет ететін қоғамдық бақылау күшейтілді.

      Ұлттық алдын алу тетігі, қоғамдық байқаушы комиссиялар белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.

      "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы шеңберінде азаматтық қоғамды шешімдер қабылдау процестеріне тарту үшін тиімді институционалдық-құқықтық негіз қалыптастырылды.

       "Қоғамдық кеңестер туралы" Заңға өзгерістер енгізу арқылы қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі кеңейтілді.

      Қоғамдық бақылауды енгізу процесінде саяси партиялар маңызды рөл атқарады. "Nur Otan" партиясы 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын қабылдады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар бастамалар "Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!" атты сайлауалды бағдарлама шеңберінде іске асырылуда.

      Жұртшылық өкілдерінен құрылған арнаулы мониторингтік топ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуын бағалауды қамтамасыз етті.

      "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заңда қоғам алдында есеп беретін және транспарентті мемлекетті қалыптастыру үшін негіздер қаланды.

      "Ашық үкімет" электрондық платформасында ашық деректердің бес порталы құрылды: "Ашық бюджеттер", "Ашық НҚА", "Ашық деректер", "Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау", "Ашық диалог".

      Бұл ресурстар азаматтардың бюджеттік бағдарламаларды, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға қатысуына, статистикалық ақпарат алуына және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына проблемалық мәселелермен жүгінуіне мүмкіндік береді.

      "e-Өтініш" арнаулы сервисін енгізу арқылы азаматтардың жолданымдарымен жұмысты қайта іске қосу жүзеге асырылды, ол шағымдарды ыңғайлы және жылдам беруге, олардың қаралуын онлайн-режимде қадағалауға мүмкіндік береді.

      Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануына орай жария-құқықтық дауларды қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері енгізілді, сондай-ақ билік органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу кепілдіктері күшейтілді.

      Жұртшылық қатарынан 150 тәуелсіз сарапшыны тарта отырып, 11,2 мың нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізілді, бұл 30 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік берді.

      Өңірлік мәні бар маңызды мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуына негізделген жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді моделі дамытылуда.

      Астананың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындарына аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және санитариялық тазарту жөніндегі жобаларға бастамашылық етуге мүмкіндік беретін "халық қатысатын бюджет" енгізілді.

      Бюджеттің төртінші деңгейін қалыптастыру арқылы ауыл халқының бюджет қаражатының не үшін жұмсалатынын дербес анықтау мүмкіндігі бар.

      Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау енгізілді.

      "Адалдық алаңы" жобасының ауқымы ел бойынша кеңейтілді, ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл арналарын құруға мүмкіндік берді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру, парасаттылық идеологиясын және сыбайлас жемқорлыққа "мүлдем төзбеушілікті" ілгерілету

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар: оқушылар, студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқалар тартылған.

      Бакалавриаттың барлық мамандықтары бойынша білім беру бағдарламалары "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері" элективті пәнімен толықтырылды.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары стандарттары бар қазақстандық бірқатар жоғары оқу орындары Академиялық адалдық лигасына бірікті.

      Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді. Енді сыйақылар бұрынғыдай белгіленген мөлшерде емес, параның немесе келтірілген залалдың мөлшеріне қарай төленеді. Ең жоғары төлем төрт мың айлық есептік көрсеткішті құрауы мүмкін.

      Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданды. "Транспаренси Қазақстан" қоғамдық қорының "2020 жылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі" атты зерттеуінің деректері бойынша қазақстандықтардың 60%-ы сыбайлас жемқорлықпен күресте көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

      Бизнес-процестерді автоматтандыру

      Жаңа технологияларды қолдану мемлекеттік органдардың клиентке бағдарлануының басым міндетін көрсете отырып, азаматтарға электрондық және мобильдік форматтарда қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.

      2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан "электрондық үкіметтің" даму деңгейі бойынша рейтингте БҰҰ-ға мүше 193 елдің арасында – 29-орынды (2018 ж. – 39), ТМД елдері арасында – 1-орынды, Азия елдері арасында 6-орынды иеленді.

      "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі кешенді және дәйекті жұмыстың нәтижесінде Қазақстанның позициясы жақсарды.

      Трансформациялық процестер көптеген әлеуметтік-сезімтал салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға ықпал етті.

      Орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлықтың басқа да алғышарттарын азайтуға мүмкіндік берді.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары, регламенттері мен қағидалары бірыңғай құжатқа жинақталды. Халыққа және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтер "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетілуде, проактивті қызметтер дамытылуда.

      2020 жылы электрондық көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі – 90%, көрсетілетін қызметті алушылардың олардың сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 75,1% болды (2018 ж. – 72,4%, 2019 ж. – 74,8%).

      Квазимемлекеттік және жекеше секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді құру заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

      "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Заң қабылданды, ол "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ қорының, өзге де ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, олардың еншілес ұйымдарының сатып алуын біріздендірді.

      Камералдық бақылаумен сатып алудың электрондық тетігі, жосықсыз қатысушылар тізілімі енгізілді, конкурстан тыс рәсімдер үшін талаптар жоғарылатылды.

      2021 жылдан бастап есеп беруді күшейту мақсатында квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құрылуда.

      Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың әлеуетті субъектілерінің ауқымы кеңейтілді. Оларға сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті не мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты адамдар жатқызылды.

      Бизнес-қоғамдастық Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі хартиясын қабылдады, ол отандық бизнесті озық халықаралық тәжірибеге негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қосымша тетіктерін енгізуге шақырады.

      Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету

      Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салу қолданылады.

      Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкциялар қатаңдатылды.

      Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алып тасталды. Парақорлық үшін жазаны бірден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуге тыйым салынды.

      Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін дербес жауапкершілігі институты енгізілді. Ол енгізілген сәттен бастап 8 саяси қызметшінің отставкасы қабылданып, 13 саяси қызметші, басшылық деңгейдегі 98 мемлекеттік әкімшілік қызметші, күштік блоктың 109 басшысы және квазимемлекеттік сектордың 21 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

      Жалпы, 2018-2020 жылдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 3 мыңнан астам адам сотталды, олардың ішінде 1 министр, 3 вице-министр, 8 облыс әкімі және олардың орынбасарлары, 31 қала, аудан әкімі және олардың орынбасарлары, ұлттық компаниялардың 8 басшысы бар.

      Халықаралық ынтымақтастық

      Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа және кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі халықаралық конвенцияларға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспарына (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) желісі шеңберінде) қосылды және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) кірді.

      Халықаралық ұйымдармен және шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдармен сындарлы өзара іс-қимыл жолға қойылды.

      2019 жылы ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің пленарлық отырысында мониторингтік топ Ыстамбұл жоспарының 4-раунды ұсынымдарының орындалуы туралы Қазақстанның аралық есебіне оң баға берді (29 ұсынымның 20-сы бойынша ілгерілеушілік байқалды).

      Қабылданған шаралар қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністерін одан әрі жоюдың берік іргетасын қалады, бұл 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде алғаш рет 38 балл (екі жылда +7 балл) жинап, 180 елдің арасында 94-орынға (екі жылда +30 позиция) ауысуына мүмкіндік берді.

      2.2. Орта мерзімді перспективада шешуді талап ететін түйінді проблемалар

     "Тұрмыстық" сыбайлас жемқорлық

     Азаматтар мен кәсіпкерлердің күнделікті өмірде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауына байланысты "тұрмыстық" сыбайлас жемқорлық іс жүзінде көптеген салаларда сақталып отыр.

     "Транспаренси Қазақстан" қоғамдық қоры жүргізген "2020 жылғы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі" әлеуметтанушылық зерттеуінің нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тұрғысынан сезімтал органдар мен мекемелердің тізбесі жылдан-жылға іс жүзінде өзгермейді: мемлекеттік емханалар мен ауруханалар, полиция, жер қатынастары басқармалары, ХҚКО-лар, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары.

     Соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық қылмыскерлік құрылымының едәуір бөлігін – 50%-дан астамын парақорлық фактілері алып отыр.

     Негізгі себептер қатарында: сақталып отырған әкімшілік кедергілер, екіұдай мағыналы және дискрециялық нормалар, мемлекеттік органдардың жеткіліксіз ашықтығы, баламалы (қағаз) негізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үлесінің жоғары болуы бар.

     Нақты жағдайларға, өңірлік, салалық және өзге де ерекшеліктерге сүйене отырып, әртүрлі әлеуметтік топтарға олардың құқықтарын, міндеттері мен рәсімдерін қолжетімді және түсінікті етіп түсіндіру стандарттары болмай отыр.

     Мұның өзі мемлекеттік басқарудың бизнес-процестерін автоматтандырудағы кемшіліктер мен олқылықтарға да байланысты.

     Цифрлық шешімдердің бір бөлігінің сапасыз және жартылай іске асырылуына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауда. Көбінесе лауазымды адамдар "жалған" цифрландыруды пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттер жасауды жалғастыруда, ал азаматтар мен кәсіпкерлер "цифрландырылған" мемлекеттік функциялардағы техникалық іркілістер, артық процестер және ақпараттық жүйелердің жұмысындағы басқа да кемшіліктер себебінен, өз мәселелерін шешудің заңсыз жолдарын іздеуге мәжбүр болуда.

     Сонымен қатар, дерекқорлардың әлсіз интеграциясы мемлекеттің проактивті сервистік моделін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

     Мемлекеттік және жекеше секторлардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері

     Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган сыртқы талдау шеңберінде айқындайтын сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жоюға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың мүдделілігі әлсіз екені байқалады.

     Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институты әлі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар үшін "өзін-өзі тазартудың" пәрменді құралына айналмады.

     Сонымен қатар, мемлекеттік басқарудың салалық жүйесі ішінде анықталған тәуекелдерге "өңір – орталық" қағидаты бойынша ден қоюдың тиімді тетігі жоқ.

     Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің пассивтілігі сыбайлас жемқорлық деңгейінің нақты төмендеуіне сенуге мүмкіндік бермейді.

     Корпоративтік сектормен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жеткілікті түрде бәсекеге қабілетті болмай отыр.

     Мемлекеттік функцияларды орындау кезінде мүдделер қақтығысының алдын алудың тиімді тетігі жоқ.

     Қолданыстағы декларациялау жүйесі шығыстар мен алынатын кірістердің айтарлықтай алшақ болу фактілеріне ден қоюдың тиімді құралдарымен тиісті түрде бекітілмеген.

     Жымқырылған активтерді іздестіру, оларды бюджетке қайтару мүліктің қылмыстық шығу тегін дәлелдеудің күрделілігіне байланысты екінші орында қалуда.

     Алдын алу шаралары, негізінен, мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған. Бұл мұндай қызметшілер болып табылмайтын, бірақ азаматтардың сыбайлас жемқорлық деңгейін түйсінуіне үлкен әсер ететін адамдар тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу тиімділігін төмендетеді.

     Осы тұрғыда мемлекеттік емес сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және адал бизнесті қолдау қажеттігі ерекше маңызға ие болады.

     Бюджет қаражатын бөлу процесінің жоғары сыбайлас жемқорлықтық осалдығы

     Бюджет қаражатын қалыптастыру және жұмсау туралы ақпараттың жеткілікті түрде айқын болмауы мемлекеттік қаржыны басқаруда сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыратын жүйелі факторларға жатады.

     Теріс практиканың негізгі себебі жоспарлау жүйесі мен бюджет қаражатын игеру арасындағы өзара байланыстың жеткіліксіздігі болып табылады. Көп жағдайда бюджеттік өтінімдер жауапты адамдармен жиі үлестес болатын компаниялардың негізсіз жоғары баға ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.

     Тиімсіз жоспарлау экономикалық ысырап және қолдан шығарылған пайда сияқты ауыр зардаптарға алып келеді, сондай-ақ бюджетті игеру кезінде жымқыруға қолайлы жағдай жасайды.

     Республикалық және жергілікті бюджеттердің жұмсалуы туралы деректер қамтылатын бірыңғай ақпараттық жүйенің жоқтығы тиісті мәліметтердің жабық және бытыраңқы болуына ықпал етеді.

     Жұртшылықты бюджеттің техникалық бөлшектерсіз және тиісінше, азаматтық бақылауды шектемей, тек негізгі мәліметтер көрсетілген "жеңілдетілген" нұсқасымен таныстыруға жағдай жасалмаған.

     Бюджеттеу туралы шешімдер қабылдау рәсімдерінің транспарентті болмауы есеп беруді қамтамасыз ету мүмкіндіктерін азайтады және сыбайлас жемқорлыққа ықпал етеді.

     Пандемия және ковидтен кейінгі кезең бөлінетін қаражат пен әлеуметтік-экономикалық нәтижелер арасында байланыстың болмау проблемасын ашып берді.

     Кәсіпкерлік субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдауды (субсидиялар, гранттар, кепілдік, жеңілдікті кредиттеу) бөлу тетіктері оның тиімсіз және мақсатсыз пайдаланылуына мүмкіндік береді.

     Бұл уәкілетті органдардың бюджеттік қолдау нәтижелілігін бағалаудың түпкілікті көрсеткіштерін айқындамайтынына байланысты. Дұрыс емес, оның ішінде сыбайлас жемқорлық мінез-құлыққа ықпал ететін триггерлер бар.

     Кәсіпкерлік субъектілерін субсидиялаудың орындылығы туралы шешім тиісті маманданудың ғылыми қоғамдастығының қатысуынсыз қабылданады. Дискрециялық қаржыландырудың болуы ресурстарды бұруға және бюджеттік тәртіпті сақтау тетіктерін айналып өтуге мүмкіндік береді.

     Мұндай жағдай бюджеттік қолдау алудың тең, бәсекелі және әділ жағдайларын жасау жөніндегі шаралардың тиімділігін төмендетеді.

     Квазимемлекеттік сектордың заңды тұлғаларының жарғылық капиталын ұлғайту арқылы бюджет қаражатын мемлекеттік бақылау аясынан шығару үрдісі байқалады. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі мен ведомстволық бағынысты ұйым арасында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін және азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасуды айналып өтіп, қаражатты саланың дамуына байланысты емес мақсаттарға аудару жүргізіледі. Соның салдарынан бұлыңғыр шарттық міндеттемелер, бюджетті ұтымсыз жұмсау, жымқыру орын алады.

     Бір-бірін едәуір дәрежеде қайталайтын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының төрт буынды жүйесі бюджет процесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

     Сатып алудың жеткіліксіз айқындығы

     2020 жылы бюджет шығыстарының жалпы сомасында мемлекеттік сатып алу үлесі 35%-ды құрады, бұл Қазақстанның ЖІӨ құрылымында 7%, мұның өзі нарыққа айтарлықтай елеулі экономикалық ықпал жасалатынын көрсетеді.

     Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесінің сыбайлас жемқорлықтық тартымдылығын күшейтеді. Әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмыс осы салада жасалған.

     Қаражаттың алыну көзі біреу – мемлекет бюджеті екеніне қарамастан, бірыңғай іске асыру тәсілінің және осы саланы ортақ дамыту стратегиясының жоқтығы салдарынан сатып алудың құқықтық базасы, әртүрлі платформалары мен сайттары бытыраңқы болып табылады.

     Мұндай жағдайларда сатып алу бағасын қолдан көтеру фактілері кең таралады.

     Мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде өнім берушінің қосалқы мердігерлермен шарттар жасасуының ашық болмауына байланысты, өнім берушінің әлеуетін бағалау әрдайым объективті бола бермейді.

     Жалған актілерге қол қою кең тараған проблема болып қалып отыр. Уақтылы игермегені үшін тәртіптік жауапкершіліктің бұлтартпастығы заңды "мәжбүрлі" түрде бұзуға алып келеді. Нәтижесінде жұмыстың сапасы емес, бюджеттің формальді түрде атқарылуы басым болып шығады.

     Бір көзден алу тәсілімен тікелей сатып алу үлесі әлі де болса жоғары (2018-2020 жылдары орташа алғанда 61%).

     Сатып алуды қағаз форматта жүзеге асыруға болатыны тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді негізсіз сатып алуды, олардың құнын қолдан көтеруді және өзгеше бұзушылықтарды тежейтін қоғамдық мониторингті шектейді.

     Халықаралық ұйымдардың (Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, ЭЫДҰ) сарапшылары атап өткендей, Қазақстанда бірыңғай заңнамалық және нормативтік құқықтық базаның болмауы сатып алудың ортақ және экономикалық тиімді практикасына кедергі жасайды.

     Мемлекеттің экономикаға қатысуының жоғары деңгейі

     Мемлекеттің экономикаға қатысуының елеулі үлесі экономикалық қызмет субъектілері арасындағы бәсекелестікті іркіп, мықты жекеше сектордың қалыптасуына кедергі келтіреді және елдің жаңа экономикалық өсу моделіне көшуін тежейді.

     Мемлекеттік кәсіпорындардың ресурстарға, нарықтарға және қаржыға артықшылықпен қол жеткізуі жекеше компанияларды тиімсіз жағдайға қалдырады және экономикалық әртараптандыруды, тікелей шетелдік инвестицияларды және өнімділіктің өсуін ілгерілету жөніндегі күш-жігерге нұқсан келтіреді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды.

     Олардың ішкі нарықтағы үстемдігі отандық кәсіпорындардың жалпы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, бұл сыртқы нарыққа аударып қарағанда көрші мемлекеттерге қатысты экономикалық позициялардың жоғалуына алып келеді.

     Мемлекеттік сатып алудың едәуір бөлігі мемлекет қатысатын компаниялар арасында баламасыз бөлінеді, бұл осы институтты шағын және орта бизнесті дамыту үшін пайдалану мүмкіндігін төмендетеді.

     Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері олардың қажеттілігі терең пысықталмай құрылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жасалған сыртқы талдау олардың бірқатары министрліктердің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін қайталайтынын анықтады. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында атап өтілгендей, бүгінгі күні мемлекеттің квазимемлекеттік сектормен бірге экономикадағы үлес салмағы 60-80%-ға жетеді.

     Сонымен қатар, активтерді жекешелендіру мен бәсекелес ортаға берудің қолданыстағы тетігі мүдделер қақтығысын жоймайды және объектілерді кепілдік жарнадан төмен бағаға сатып алуға жол береді.

     Тиісті ұсыныстарды дайындау форматы, оған қоса шарттарды, әдістерді, акциялар пакеттерінің мөлшерін, объектілерді өткізу және сату алдында дайындау мерзімдерін анықтау осы процестің ашықтығын көздемейді.

     Азаматтық қоғам институттарының мемлекетпен сындарлы өзара іс-қимылы тетіктерінің жетілмегендігі

     Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдердің тәжірибесі оны барынша азайтудың басты шарты азаматтық қоғамның кеңінен тартылуы болып табылатынын айғақтайды.

     Дегенмен Қазақстанда қоғамдық бақылау институты құқықтық тұрғыдан жеткілікті түрде регламенттелмеген.

     Деректердің жабықтығы азаматтардың шешім қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндігін шектейді, ал қолжетімді ақпараттың мәні түсінуге қиын және формальды сипатта болады.

     Мұндай тәсіл пікірлердің плюрализмін тежейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды.

     Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаудың бюрократияландырылған тәсілдері азаматтардың сыбайлас жемқорларды анықтау мен әшкерелеудегі белсенділігін төмендетеді.

Новости