
Биылдан бастап Наурыз мейрамы жаңаша тойланып жатыр. Дегенмен, жаңаша дегенге қарағанда, дәстүрді жаңғырту десек, дұрысырақ болар еді. Себебі Наурыз тек 1 күн немесе 3 ғана аталып өтетін мереке болмаған. Мұны тарихи деректер мен этнографтардың жазбалары да растайды. Сонымен, 19 наурыз – жаңару күні.
Наурызнамаға енгізілген бұл атаулы күнді биыл ағаш егу дәстүрімен бастау ұсынылған болатын. Сонымен қатар, еліміздің әр түкпірінде түрлі шара өткізілмек.
Жалпы, Наурыз мерекесінде ағаш егу, үй-жайды тазарту, бұлақ көзін ашу сияқты жұмыстар атқарылғаны белгілі. Бұл – жаңа жылға, жаңа күнге жаңарып, тазарып қадам басу дегенді білдірген болса керек. Сонымен қатар, ескі-құсқы заттарды лақтырып, отпен аластау рәсімі де өткізілетін болған.