https://www.facebook.com/share/v/1CofSHWkFq/
25 қараша күні Міржақып Дулатұлы атындағы ЖББ мектебінде «Оян, қазақ!» – ұлттық сана бастауы және Міржақып Дулатұлы мұрасындағы ұлттық құндылықтар көрінісі: жасанды интеллект дәуіріндегі сабақтастық» тақырыбында тағылымды семинар өтті. Семинардың мақсаты – Міржақып Дулатұлының шығармашылығын терең талдап, «Оян, қазақ!» еңбегінің тарихи маңызын ашу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың бойына ұлтжандылық пен тарихи сананы сіңіру болды.
Семинар мектеп директорының міндетін атқарушы Н.О.Оракбаева, Нұра ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Д.С.Сеиффулина, Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Жайлаубайұлының құттықтау сөздерімен ашылды.
Шара барысында бірнеше бағыттағы білім беру және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Тарих пәнінің мұғалімі А.Жанатұлы «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында тәрбиелік мәні зор танымдық сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылардың білімге деген қызығушылығы артып, болашаққа деген сенімі нығая түсті. Іс-шара оқушыларды отаншылдыққа, білімге ұмтылуға тәрбиелеуді мақсат етті. Г.А.Тусупова «Знатоки истории» атты танымдық сабағында оқушылардың тарихи білімін тереңдетіп, олардың ой-өрісін кеңейтуге және танымдық белсенділігін арттыруға ықпал етті. Сабақ барысында оқушылар өз білімдерін шыңдап, белсенділік танытты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Н.О.Оракбаева мен М.Хабылбек «Тағылымы терең тұлға» конференция-сабақ арқылы Міржақып мұрасының тағылымдық қырларын ашып көрсетті. Сонымен қатар А.О.Усенова мен Г.И.Бекеева «Ұлтқа арналған ғұмыр» атты тәрбиелік сағат өткізіп, тұлғаның елдік жолындағы еңбегін оқушыларға тереңінен таныстырды. Мектеп ұжымы сабақтары өте жоғары деңгейде ұйымдастырып, қонақтардың зор ықыласына бөленді.
Семинар соңында «Қазағым, елім, қайран жұртым!» атты әдеби–сазды кеш ұйымдастырылып, Міржақып Дулатұлының рухы, ұлттық мұрасы және елдік үн көркем сахналық қойылым арқылы айшықталды. Іс-шара қорытындысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында шаңырақ символикасы арқылы кері байланыс жүргізілді.