Конвенция МОТ от 09.07.1948 № 87

87 Конвенция Ассоциация бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау жөніндегі Конвенция (1948 жылғы 9 шілде, Сан-Франциско қаласы)

87 Конвенция
Ассоциация бостандығы және ұйымдастыру
құқығын қорғау жөніндегі Конвенция
(1948 жылғы 9 шілде, Сан-Франциско қаласы)

1999.30.12. № 29-ІІ ҚР Заңымен бекітілді

Сан-Францискода Халықаралық Еңбек Бюросының Әкімшілік Кеңесі шақырған және 1948 жылдың 17 маусымында өзінің отыз бірінші сессиясына жиналған, Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы

сессияның күн тәртібінде жетінші тармақ болып табылатын, ассоциация бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау жөніндегі бір қатар ұсыныстарды конвенция нысанында қабылдауды шешіп,

Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының кіріспесі еңбек жағдайларын жақсарта алатын және бейбітшілікті қамтамасыз етуге қабілетті құралдардың бірі деп бірігу бостандығы принципін мойындайтынын еске ала отырып,

Филадельфия Декларациясы сөз бостандығы мен бірігу бостандығы тұрақты прогрестің қажетті шарттары болып табылатынын қайтадан жариялағанын еске ала отырып,

Халықаралық Еңбек Конференциясы өзінің отызыншы сессиясында халықаралық регламенттеу негізіне қалануға тиісті принциптерді бірауыздан қабылдағанын еске ала отырып,

Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясы өзінің екінші сессиясында осы принциптерге қосылғанын және Халықаралық Еңбек Ұйымын бір немесе бірнеше халықаралық конвенцияларды қабылдау мақсатымен барлық күшін салуды жалғастыра беруін сұрағанын еске ала отырып,

осы бір мың тоғыз жүз қырық сегізінші жылдың шілде айының тоғызыншы жұлдызында ассоциация бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау жөніндегі 1948 жылдың Конвенциясы деп аталатын, төмендегі Конвенцияны қабылдайды:

I Бөлім. Ассоциация бостандығы

1 бап

Ол жөнінде осы Конвенция күшіне енген, Халықаралық Еңбек Ұйымының Әр Мүшесі төмендегі қаулыларды жүзеге асыруды міндеттенеді.

2 бап

Жұмысшылар мен кәсіпкерлердің қандай да болсын айырмашылықсыз өз таңдауымен оған алдын-ала рұқсат алмай-ақ ұйым құруға, сондай-ақ жалғыз-ақ осы ақырғылардың жарғыларына бағыну шартында осындай ұйымдарға кіруге құқықтары бар.

3 бап

1. Жұмысшылар мен кәсіпкерлердің ұйымдарының өз жарғылары мен әкімшілік регламентін шығаруға, өз өкілдерін еркін таңдауға, өз аппараты мен өз қызметін ұйымдастыруға және өз іс-әрекеттерінің бағдарламасын тұжырымдауға құқығы бар.

2. Мемлекеттік өкімет қандай да болсын, бұл құқықты шектейтін қол сұғушылыққа немесе оның заңды жүзеге асуына кедергі жасаудан тартынады.

4 бап

Жұмысшылар мен кәсіпкерлердің ұйымдары таратуға немесе уақытша әкімшілік тәртібімен тыйым салуға жатпайды.

5 бап

Жұмысшылар мен кәсіпкерлер ұйымдарының Федерация және конфедерация құруларына құқығы бар, сондай-ақ оларға қосылуға құқығы бар, осындай әр ұйым, федерация немесе конфедерацияның халықаралық жұмысшылар мен кәсіпкерлердің халықаралық ұйымдарына кіруге құқығы бар.

6 бап

2, 3 және 4 баптардың қаулылары жұмысшылар мен кәсіпкерлер ұйымдарының федерация және конфедерацияларына қолданылады.

7 бап

Жұмысшылар мен кәсіпкерлер ұйымдары, олардың федерациялары мен конфедерацияларының заңдық тұлға құқығын алуы 2, 3 және 4 баптардың қаулыларын қолдануына кедергі болуға қабілетті шарттарға бағынуы мүмкін емес.

8 бап

1. Осы Конвенциямен танылған олардың құқықтарын жүзеге асырғанда, жұмысшылар, кәсіпкерлер және олардың тиісті ұйымдары басқа тұлғалар немесе ұйымдасқан ұжымдар сияқты заңдылықты сақтайды.

2. Ұлттық заңдылық осы Конвенциямен қарастырылған кепілдіктерді қозғамайды және оларды бұзбай қолданылады.

9 бап

1. Осы Конвенциямен көзделген кепілдіктер қарулы күштер мен полицияға қандай шамада қолданылатынын ұлттық заңдылық анықтайды.

2. Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 19 бабының 8 тармағында баяндалған принциптеріне сәйкес, Ұйым Мүшесінің қайсымен болсын осы Конвенцияның ратификациялануы қарулы күштер мүшелері мен полицияға осы Конвенциямен көзделген кепілдікті беретін қолданыстағы заңдарды, сот органдарының шешімдерін, ғұрыптар мен келісімдерді қозғау болып қаралмайды.

10 бап

Осы Конвенциядағы "ұйым" деген термин жұмысшылар мен кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау және қамтамасыз ету мақсаты бар қандай да болсын жұмысшылар немесе кәсіпкерлердің ұйымын білдіреді.

II Бөлім. Ұйым құқығын қорғау

11 бап

Ол жөнінде осы Конвенция күшіне енген Халықаралық Еңбек Ұйымының Әр Мүшесі жұмысшылар мен кәсіпкерлерге ұйымға құқығын еркін жүзеге асыруына кепілдік беру мақсатымен қажетті және тиісті шараларды қолдануға міндеттенеді.

III Бөлім. Әр түрлі ережелер

12 бап

1. Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысына 1946 жылғы түзету туралы Актіге сәйкес өзгертілген Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 35 бабында аталған аумақтар жөнінде және көрсетілген баптың 4 және 5 тармақтарында аталған аумақтарды қоспағанда, осы Конвенцияны бекітуші Ұйымның әрбір Мүшесі оны бекіткеннен кейін мүмкіндігінше қысқа мерзімде Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына өтініш жолдайды, онда:

a) Ұйымның мүдделі Мүшесі олар жөнінде Конвенцияның ережелерін өзгеріссіз қолдануға міндеттенетін аумақтар;

b) ол олар жөнінде Конвенцияның ережелерін өзгерістермен қолдануға міндеттенетін аумақтар және осы өзгерістердің егжей-тегжейі;

c) Конвенция қолданылмайтын аумақтар және бұл жағдайда оның қолданылмауының себептері;

d) ол олар жөнінде өз шешімін кейінге қалдыратын аумақтар көрсетіледі.

2. Осы баптың 1 тармағының a және b тармақшаларында аталған міндеттемелер бекіту туралы құжаттың ажыратылмайтын бөлігі болып саналады және өздерінің соңынан онымен бірдей салдарларға әкеледі.

3. Ұйымның кез келген Мүшесі жаңа өтініш арқылы осы баптың

1 тармағының b, c және d тармақшаларына қарай оның бұрынғы өтінішіндегі

ескертулердің барлығынан немесе бір бөлігінен бас тарта алады.

4. Ұйымның кез келген Мүшесі осы Конвенция 17-баптың ережелеріне сәйкес күшін жоюы мүмкін кезеңдер ішінде Бас Директорға кез келген алдыңғы өтініштің шарттарын кез келген басқа қатынаста өзгертетін және белгілі аумақтарда орын алып отырған жағдай туралы хабарлайтын жаңа өтініш жібере алады.

13 бап

1. Осы Конвенция қозғайтын мәселелер толығымен немесе негізінен метрополиядан тыс аумақтың өкіметтерінің өздерінің құзіретіне енетін кезде осы аумақтың халықаралық қарым-қатынасы үшін жауап беретін Ұйым Мүшесі, осы аумақтың үкіметімен келісім бойынша Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына осы Конвенция бойынша мұндай аумақтың атынан міндеттемелер қабылдау туралы өтініш жолдай алады.

2. Осы Конвенция бойынша міндеттемелер қабылдау туралы өтінішті Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына:

a) олардың ортақ басқаруындағы аумақ жөнінде екі немесе одан көбірек Ұйым Мүшелері;

b) Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы ережелерінің немесе мұндай аумақ жөнінде күшіндегі қандай болса да бір басқа қаулының негізінде қандай болса да бір аумақты басқару үшін жауапты кез келген халықаралық өкімет жібере алады.

3. Осы баптың алдыңғы тармақтарына сәйкес Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жіберілетін өтініштерде Конвенцияның ережелері осы аумақта өзгерістермен немесе өзгерістерсіз қолданылатындығы көрсетіледі; егер өтініште Конвенцияның ережелері өзгерістермен қолданылады деп көрсетілсе, онда атап айтқанда бұл өзгерістерге не жататындығы анықталады.

4. Ұйымның мүдделі Мүшесі немесе Мүшелері немесе халықаралық өкімет кез келген уақытта жаңа өтініш арқылы қандай болса да бір бұрыңғы өтініште ескерілген өзгерістерді пайдаланудан толығымен немесе жарым-жартылай бас тарта алады.

5. Ұйымның мүдделі Мүшесі немесе Мүшелері немесе халықаралық өкімет 17 баптың ережелеріне сәйкес Конвенция күшін жоюы мүмкін кезеңдерде Бас Директорға кез келген алдыңғы өтініштің шарттарын кез келген басқа қатынаста өзгертетін және осы Конвенцияны қолдану жөнінде орын алып отырған жағдай туралы хабарлайтын жаңа өтініш жібере алады.

14 бап

Осы Конвенцияны бекіту туралы ресми құжаттар тіркеу үшін Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жіберіледі.

15 бап

1. Осы Конвенция Халықаралық Еңбек Ұйымының бекіту туралы құжаттарын Бас Директор тіркеген Мүшелерін ғана байланыстырады.

2. Ол Ұйымның екі Мүшесін бекіту туралы құжаттарды Бас Директор тіркегеннен кейін он екі ай өткен соң күшіне енеді.

3. Ақырында бұл Конвенция Ұйымның әрбір Мүшесі жөнінде оның бекіту туралы құжатын тіркеу мерзімінен кейін он екі ай өткен соң күшіне енеді.

16 бап

1. Осы Конвенцияны бекіткен Ұйымның кез келген Мүшесі оның бастапқы күшіне енген кезінен он жыл мерзім өткенде Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жіберілген және ол тіркеген күшін жою туралы акт арқылы оны жоя алады. Күшін жою туралы актіні тіркегеннен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.

2. Осы Конвенцияны бекіткен Ұйымның кез келген Мүшесі алдыңғы тармақта аталған он жыл кезең өткеннен кейін бір жыл мерзімде құжаттың күшін жоюға осы бапта көзделген өзінің құқығымен пайдаланбаса, келесі он жыл мерзімге байланысын сақтайды және ақырында осы Конвенцияны әрбір он жыл мерзім өткенде осы бапта белгіленген тәртіппен жоя алады.

17 бап

1. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры Ұйым Мүшелерінен алынған бекіту туралы барлық құжаттарды, күшін жою туралы өтініштер мен актілерді тіркеу туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық Мүшелеріне хабарлайды.

2. Бекіту туралы өзі алған екінші құжатты тіркеу туралы Ұйым Мүшелеріне хабарлай отырып, Бас Директор олардың назарын осы Конвенцияның күшіне енген уақытына аударады.

18 бап

Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102 бабына сәйкес тіркеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына алдыңғы баптардың ережелеріне сәйкес өзі тіркеген бекіту туралы барлық құжаттар, күшін жою туралы өтініштер мен актілер жөнінде толық мәлімет жібереді.

19 бап

Халықаралық Еңбек Бюросының Әкімшілік Кеңесі бұл қажет деп есептеген әрбір ретте, ол Бас Конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндама тапсырады және Конференцияның күн тәртібіне оны толық немесе жарым-жартылай қайта қарау туралы мәселе енгізу қажет пе, соны шешеді.

20 бап

1. Егер Конференция осы Конвенцияны толығымен немесе жарым-жартылай қайта қарайтын жаңа конвенция қабылдаса және жаңа конвенцияда керісінше көзделмесе, онда:

a) қандай болса да бір Ұйым Мүшесінің жаңа, қайта қаралушы конвенцияны бекітуі жаңа, қайта қаралушы конвенция күшіне енген жағдайда 16-баптың ережелеріне қарамастан автоматты түрде осы Конвенцияның дереу күшін жоюға әкеліп соғады.

b) жаңа, қайта қаралушы конвенцияның күшіне ену уақытынан бастап осы Конвенция оны Ұйым Мүшелерінің бекітуі үшін жабық.

2. Осы Конвенция қандай жағдайда болса да, оны бекіткен, бірақ жаңа, қайта қаралушы конвенцияны бекітпеген Ұйым Мүшелері жөнінде нысаны және мазмұны бойынша күшінде қалады.

21 бап

Осы Конвенцияның ағылшынша және французша мәтіндерінің күші бірдей.