Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде
«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді.
Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады»-деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында.
Мен мұғалім ретінде осы пікірмен толықтай келісемін. Себебі менің алдымда отырған оқушылар алдыңғы жылдың балаларына мүлдем ұқсамайтын, талғампаз және білімге аш оқушылар дер едім. Өйткені 21-ғасырда жаңа заманның балалары жүзбе-жүз қарым қатынасқа қарағанда телефон мен компьютерде отырғанды дұрыс көреді. Сондай-ақ қазіргі кездің балалары қалағанына оңай қол жеткізіп, одан тез жалығады. Оларға сабақ өткізгенімде тақырыпқа сай қызықтыруым да керек. Ол үшін цифрлық құзыреттілігімді толықтай пайдалануым қажет деп есептеймін. Сондықтан ұстаз ретінде алдыма келген 20 оқушының әрқайсысына жауаптылығымды толықтай сезінемін. Заман талабына сай оқушыларыммен бірге даму менің басты қағидамның бірі.
Келесі бір мәселеге мен назарымды ерекше аудардым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет»-деді. Осы тұста жасалынған және жалғасып жатқан ауқымды жұмыстар, оның ішінде « Жайлы мектеп» жобасы, «Педагог мәртебесі» мен мұғалімдерге арнайы марапаттар тағайындалғаны тек қана педагогтар үшін емес, ата-аналар мен балалар үшін де маңызы зор жұмыстар екенін атап өтемін. Мұғалімдер жалақысы едәуір жақсарып, білімді де білікті мамандар мектептерде толығып, әріптестер қатарымызды көбейтіп жатқанына қуаныштымын.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Балабиева Айгерим Аягозовна
2 қыркүйек 2024 жыл.