Халықаралық қарттар күні
Халықаралық қарттар күні қарсаңында Мектеп парламентінің мүшелері және 8 "А", 8 "Ә" сынып оқушылары қарттар үйіне жол тартқан болатын.
Ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты оқушылардың үлкенге құрмет көрсетуге баулуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеуге негізделеді.
Көңілдері жарым қариялардың мекеніне жай бармай оқушылармен «Қарттарым, аман-саумысың?!» атты шағын концерттік бағдарлама қойып, кішкене сый-сияпат көрсетіп қайтты.
Тәрбиеге толы іс-шара барысында Парламент мүшелері қарттарымызды халықаралық мерекемен құттықтап әуезді ән, би, өлең шумақтарын оқыды.
Тағдыры қиын қарияларымыздың көңілін көтеруге жас жеткіншіктердің барлығы өз үлесін қосуға тырысты.Қазыналы қарттарымыздың қатысуымен ойындар ұйымдастырылды.
"Қазақтың рухына нәр берген - құдыретті күй" демекші 8- сынып оқушысы Божбанбай Рабия "Көңіл толқыны", "Бақтыбайдың әуені" іспетті күйлерді орындап, ұлттық өнерді паш етсе, Бөлеген Асыл ішекті аспап гитарамен ән салды.
Өткізген шарамызға қарттарымыз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып, батасын берді.
Кездесу соңында қарттар үйінің меңгерушісі Гульнар Ислямовна сөз кезегін алып оқушылар мен сынып жетекшілеріне алғысын айтып, оқушыларға сәттілік, қажымас қайрат тіледі.
Бұл кездесуден оқушылар да ерекше әсермен қайтып, көп дүниені түйсінгені сөзсіз... Оқушылардың алған әсерімен бөліскенде байқағанымыз, мұндай істер ерекше мейірімділікке, сыйластыққа үйретеді екен... Осындай іс-шараны ұйымдастыруға ат салысқан сынып жетекшілеріне алғыс айтамыз.