Ұрпаққа өнеге – Ұстазға тағзым: Берген Бейсекеевич атындағы тарих кабинеті ашылды

Кәрім Мыңбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР-інің білім беру ісінің үздігі, тарих пәнінің мұғалімі Бейсекеев Берген Бейсекеевичтің құрметіне арналған тарих кабинеті ашылды.
Салтанатты шараға облыстық мәслихаттың төрағасы Кобжанов Нұркен Сайфитдинұлы,Нұра ауданының әкімі Мұқанов Бақытжан Мылтықбайұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Такишев Дархан Жанболатович, Нұра ауданының кәсіподақ төрағасы Мустафин Адамбай Хасенович, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсутов Зарлық Мақсутович, Берген Бейсекеевич атамыздың әріптестері, мектеп ұжымы, ұстаздар мен оқушылар, сондай-ақ Берген Бейсекеевичтің ұрпақтары қатысты.
Жиын барысында облыстық мәслихат төрағасы мен аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолына тоқталды. Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Бейсекеев Берген Бейсекеевичтің баласы, мемлекеттік қызмет ардагері, Осакаровка ауданының құрметті азаматы - Бейсекеев Ғалым Бергенұлы ата-анасына деген құрметі мен алғысын білдіріп, жиналған қауымға ризашылығын жеткізді.
Нұра ауданының әкімі Мұқанов Бақытжан Мылтықбайұлы атынан әрттүрлі форматтағы мазмұнды тасымалдау, өзгерту және өңдеу үшін оқушыларға және ұстаздарға арналған тарих пәнінің мұғалімі Бейсекеев Берген Бейсекеевичтің құрметіне ашылған тарих кабинетіне, интерактивті панель табыс етілді. Нұра ауданының білім қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Мустафин А.Х. 100 мыңға сертификат мектебімізге табыс етті.
Берген Бейсекеевичтің есімі берілген тарих кабинеті — жас ұрпақтың өткен тарихқа деген қызығушылығын арттырып, сапалы білім алуына мүмкіндік беретін тағылым ордасы болмақ.
Іс-шара барысында ақсақалдар бата беріп, ізгі тілектерін білдірді.
Мұндай игі бастамалар жас ұрпақтың тарихи мұраға деген құрметін қалыптастырып, ұстаз еңбегін дәріптеу арқылы білім беру саласының басты мақсаттарына жол ашады.