
2024–2025 оқу жылының соңында балабақша бітірушілеріне және 4, 9, 11 сынып түлектеріне арналған соңғы қоңырау, қорытынды аттестаттау және басқа да мектепішілік мерекелік іс-шаралар кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ тәрбиелік мәні жоғары әрі мазмұнды іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында келесі талаптар мен ескертулерді сақтау міндетті:
Жалпы талаптар:
• Іс-шаралар аясында алғыс айту сыйлықсыз немесе ақшасыз түрде, тек ризашылық сөздер мен алғыс хаттар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
• Іс-шара кезінде балабақша немесе мектеп аумағынан рұқсатсыз шығуға қатаң тыйым салынады.
• Тәрбиешілер мен сынып жетекшілері әр баланың қатысуын тізім бойынша бақылап, ата-аналармен тұрақты байланыста болуы тиіс.
• Ұялы телефондарды мақсатсыз қолдануға, әсіресе видео түсіруге және әлеуметтік желілерге жүктеуге шектеу қойылады.
• Іс-шара барысында әдепке және тәртіпке сай емес әрекеттерге (дауыс көтеру, рұқсатсыз сөйлеу, өз бетінше шешім қабылдау) жол берілмейді.
• Ата-аналар тарапынан ұйымдастырылатын кез келген іс-әрекет (фото/видео түсіру, киім, декор және т.б.) міндетті түрде мекеме әкімшілігімен келісуі қажет.
Қатаң тыйым салынады:
• 4, 9, 11 сынып оқушыларынан мектеп әкімшілігіне арналған ақша жинауға;
• Аниматорлар, әртістер, агенттіктер мен студияларды шақыруға;
• Білім беру ұйымдары мен мектеп әкімшілігіне сыйлық беруге;
• Білім беру ұйымдарының жөндеу немесе тазалық жұмыстарына қаражат жинауға;
• Отшашу, фейерверк, автокөлік шеруі сынды қауіп тудыратын іс-шараларды ұйымдастыруға;
• Сынып ішінде дастархан жаюға немесе банкет ұйымдастыруға.
Қатаң сақталуы тиіс талаптар:
• «Соңғы қоңырау» іс-шарасына тек оқушының заңды өкілі ғана қатыса алады;
• Барлық білім алушыларға қауіпсіздік ережелері алдын ала таныстырылады;
• Сынып жетекшілері іс-шара барысын үйлестіріп, тәртіп пен жауапкершіліктің сақталуын қадағалайды.
Құрметті ата-аналар!
Жоғарыда көрсетілген талаптарды назарға алып, балаларыңыздың қауіпсіздігіне және білім ордасындағы тәртіп пен ұйымдастыру деңгейіне жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймыз.