“Қаржылық саяхат” қаржылық сауаттылық апталығы өз мәресіне жетті. Бұл күннің басты мақсаты – апталық барысында алынған білімді бекіту, балалардың қаржыға деген оң көзқарасын қалыптастыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Шағын орталық балалары үшін «Игі іс» атты қаржылық сауаттылыққа бағытталған мультфильм көрсетілді. Мультфильм арқылы балалар жақсылық жасау, көмектесу, адалдық және дұрыс таңдау жасау ұғымдарымен танысты. Көрсетілімнен кейін балалармен қысқаша әңгіме жүргізіліп, олардың түсініктері пысықталды.
Мектепалды сынып балалары арасында «Менің жинақ сандықшам» атты байқау ұйымдастырылды. Байқау барысында балалар өздері жасаған немесе безендірген жинақ жәшіктерін таныстырып, ақшаны жинаудың маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті. Байқау балалардың ұқыптылыққа, үнемдеуге және мақсат қоя білуге деген қызығушылығын арттырды.
Сонымен қатар «Ақша әлемі балалар көзімен» атты суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде балалардың қаржы, еңбек, үнемдеу және армандар тақырыбындағы шығармашылық жұмыстары ұсынылды. Суреттер балалардың қаржылық түсініктерін өз қиялымен жеткізе алғанын көрсетті.
Қорытындылай келе, «Қаржылық саяхат» қаржылық сауаттылық апталығы мазмұнды, қызықты және танымдық деңгейде өтті. Балалар қаржының маңызын түсініп, күнделікті өмірде үнемдеу мен дұрыс таңдаудың қажеттігін ұғынды.



