Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында күн бейнеленген, оның астында қалықтап ұшқан қыран орналасқан көгілдір түсті тік төртбұрышты мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек бейнеленген тік жолақ бар. Күн, оның сәулелері, қыран және ұлттық өрнек бейнелері — алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы — дөңгелек пішінді, көгілдір түсті фонда шаңырақ бейнеленген, одан жан-жаққа күн сәулесі тәрізді уықтар таралады. Шаңырақтың оң және сол жағында мифологиялық пырақтар бейнеленген. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз орналасқан, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, мифологиялық пырақтардың және «Qazaqstan» жазуының бейнесі — алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары — белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Қазақстанның әнұраны, бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде белгілі болған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылғы 6 қаңтарда еліміздің Парламенті тарапынан бекітілді. Ол алғаш рет 2006 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты инаугурациясы кезінде орындалды.
Әннің музыкасы — сазгер Шәмші Қалдаяқовтікі, ал сөзін жазғандар — Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев.